Какие улицы получили новые названия с казахскими именами?
Аллергиялық аурулар қазіргі уақытта маңызды медициналық-әлеуметтік проблемаға айналды. Әлем халқының 40%-ы аллергиялық аурулармен ауырады. Жыл сайын 8 шілдеде Дүниежүзілік аллергиямен күрес күні атап өтіледі. Кейінгі 20 жылда әлемде генетикалық бейімділікке және оларды клиникалық көріністер түрінде жүзеге асыруға әкелетін көптеген фактордың болуына байланысты аллергиялық аурулардың эпидемиясы байқалады. Жаһандық статистика мәліметтері бойынша, әлем халқының әрбір төртінші-бесінші адамы аллергиямен ауырады. Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Республикалық аллергология орталығының басшысы Арай Батырбаеваның айтуынша, кез келген аллергияның негізгі себептері адамның генетикасына негізделген. Көбінесе аллергия ерте жаста тағамға жоғары сезімталдықпен пайда бола бастайды. «Аллергиялық аурулардың алдын алу үшін аллергия тудыратын заттарды анықтау және есте сақтау қажет. Олармен байланыста болудан аулақ болыңыз, қажет болған жағдайда өзіңізге қалай көмектесуге болатынын біліңіз. Егер өсімдік тозаңына аллергияңыз болса, ауа температурасы жоғары болған кезде күнге шықпаңыз, масканы қолданыңыз. Егер жәндіктер шағып, орнында жәндіктің уы қалса, оны алып тастаңыз және тістеген жерге суық компресс қойыңыз. Үйдегі дәрі қобдишасында дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектер болуы керек. Өздігінен емдеумен айналыспай, медициналық мекемеге жүгініңіз», - дейді дәрігер А.Батырбаева. Аллергия – бұл организмнің қоршаған ортаның кейбір факторлары – аллергендердің әсеріне жоғары сезімталдық жағдайы, осы заттардың қайта әсерінен өршиді. Бұл аурудың дамуына ықпал ететін факторлардың ішінде ең көп тарағандары: қоршаған ортаның ластануы, психологиялық шамадан тыс жүктеме, климаттың өзгеруі, сапасыз тамақ өнімдері, дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қолдану. Айта кетейік, «Аллергия» терминін 1906 жылы балалар дәрігері Клеменс фон Пирке енгізген. Симптомдар ежелден бері белгілі. Аллергия туралы алғаш рет Ежелгі Египетте айтылған, бірақ оны ауқымды зерттеу тек ХІХ ғасырда басталды.